Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

 

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

Құрметті отандастар!

Қазақстан өте маңызды әрі бетбұрысты кезеңге қадам басқалы тұр. 5 маусым күні азаматтарымыз жалпыұлттық референдумда дауыс береді. Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.

Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті мен наурыз айындағы Жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Сондай-ақ Үкіметтің тиімділігін арттыру. Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз.

Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді.

Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы Екінші Республиканың негізін қалаймыз.

 

Құрметті отандастар!

Еліміздің тарихында Конституцияға енгізілетін өзгерістер алғаш рет жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылады.

Референдум өткізу – Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам.

Ата заңға енгізілетін түзетулер жобасы елімізде бір ай бойы қызу талқыланды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамда конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатыр. Оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған.

Бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде, Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады.

Референдум қоғамымыздың азаматтық кемелдігі мен саяси саналылығын бағалауға мүмкіндік береді. Референдумның орталық комиссиясы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасындағы барлық норманың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді. Дауыс беру барысын халықаралық бақылаушылар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайды.

Сайлау учаскесіндегі сіздің дауысыңыз қоғамдық өмірдің әділ әрі түсінікті жаңа ережелерін айқындауда маңызды және шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сіз сайлау учаскесіне келу арқылы халқымыздың бірлігі мен ынтымағы мығым екенін көрсетесіз.

Бұрын-соңды болмаған құбылмалы геостратегиялық жағдайда және еліміздің алдында тұрған күрделі міндеттерді орындау үшін біздің бірлігіміз бекем, ынтымағымыз берік болуға тиіс. Шынайы демократия әрбір азаматтың ортақ іске белсенді әрі саналы түрде қатысуын білдіреді. Сіз жаңа түзетулерге дауыс бере отырып, жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа, саясат пен экономикадағы монополияға батыл қарсы шығасыз.

Құрметті отандастар, сіздерді тарихи таңдау жасауға шақырамын. Өйткені, бұл Қазақстанның даму бағдарын айқындайды. Әрқайсыңыз біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлшегісіз және тұтас ұлттың болашағына ықпал ете аласыз. Демек, бұл – өз тағдырыңыз деген сөз. Отанымыздың тағдыры сіздерге байланысты.

Алдағы референдум мемлекетімізді нығайтуға және қоғамды тың серпінмен дамытуға жол ашады. Мен әрбір азаматымызды ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырамын. Бұл референдумда әр азаматтың дауысы – маңызды. Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алады.

Ендеше, 5 маусым күні өз таңдауымызды жасайық!

Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге құрайық!

 

 

kaynak:https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-ktokaevtyn-kazakstan-halkyna-undeui-354221

 

 

 

Başa dön tuşu