Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

 

Жаңалықтар

Халықаралық қоғамдастық

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

2022 жылғы 11 мамыр

Мемлекет басшысы ең алдымен өзін қасиетті Анадолы жеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға зор ризашылығын білдірді.

– Түрік халқына және Президент мырзаға қонақжайлығы үшін алғыс айтамын. Біз бүгін бірқатар аса маңызды мәселелер туралы кең ауқымды келіссөздер өткіздік. Пікір алмасу мазмұнды, мағыналы болды. Президент Режеп Тайип Ердоған білімді, аса беделді саясаткер. Оның көзқарасы кең, сондықтан бұл кісінің пікірлері өте құнды. Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтайдан басталған қазақ көшінің қасиетті Анадолы топырағына жеткеніне биыл 70 жыл толғанын атап өтіп, қандастарымызды сол кездегі Түркия Премьер-Министрі Аднан Мендерес құшақ жая қарсы алғанын еске алды. Сондай-ақ жақында Алматы қаласындағы көшеге Түркияның осы бір аса көрнекті саясаткерінің есімі берілгенін айтты.

– Түрік жұрты Қазақстанға әрдайым тілектес әрі жанашыр екенін білеміз. Мұны ұдайы сезінеміз. Бүгінгі екіжақты кездесудің нәтижесінде маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, әскери-техникалық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент геосаяси ахуал ушыға түскен қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша екенін айтып, қазақ-түрік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру үшін Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағандарын жеткізді. Сонымен қатар түрлі саладағы байланысты жаңа белеске көтеретін маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойылды.

– Бұл – бауырластығымызды бекемдеп, ықпалдастығымызды нығайта түсетін маңызды қадам. Қазақстан мен Түркия Еуразия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Осы ретте, екі ел халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз ықпалдастық орнатқан, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, Үкіметаралық экономикалық комиссия сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға зор септігін тигізеді. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымы маңызды рөл атқарады.

– Былтыр Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі толыққанды ұйым болып қайта құрылғаны қуантарлық жайт. Бұл – бәрімізге ортақ жетістік. Біз осы ұйымның аясындағы жұмысты жалғастыра беруге мүдделіміз. Сонымен қатар, білім және мәдениет саласындағы байланысты одан әрі дамытамыз деп келістік. Бұл ұйым Қазақстан үшін аса маңызды, сондықтан біз оны үнемі қолдаймыз. Жалпы, Қазақстан мен Түркияның жан-жақты қарым-қатынасын нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды уағдаластықтар – соның айқын көрінісі. Менің мемлекеттік сапарым Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беретініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы байланысты одан әрі нығайту үшін Қазақстанда жоғары деңгейде екіжақты кездесу өткізу аса маңызды деп атап, Түркия Президенті, Режеп Тайип Ердоғанды елімізге сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысы өткізілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында екі елдің әрдайым бір-біріне қолдау көрсете отырып, табысқа бірге жететініне сенім білдірді.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әлі ілгерілетуге дайын екенін атап өтті.

– Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына аса мүдделі екенімізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді. Біз екіжақты және көпжақты қатынастарымызды нығайта береміз деп келістік. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымдарындағы бірлігімізді арттырамыз. Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз, – деді Түркия Президенті.

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-pen-rezhep-tayip-erdogan-bak-okilderine-brifing-otkizdi-114146

 

 

 

 

 

 

Başa dön tuşu