Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан – Германия бизнес-форумына қатысты

Жаңалықтар

Астана, Қазақстан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан – Германия бизнес-форумына қатысты

2023 жылғы

 

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен бірге Қазақстан – Германия бизнес форумына қатысты.

 

 

 

 

Президент форумда сөйлеген сөзінде өзінің мемлекеттік сапары аясында жетекші неміс компанияларының басшыларын ала келген Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтып, Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы ең басты экономикалық серіктесі екенін атап өтті.

 

 

 

 

– Бүгінде Германия компаниялары біздің экономикамызға шамамен 6 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл инвестицияның шамамен 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екенін айта кеткен жөн. Елімізде неміс капиталының үлесі бар 1000-нан астам компания белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігі – әлемге әйгілі брендтер, ал басқалары – орта деңгейдегі отбасылық бизнес. Неміс компанияларының барлығын Қазақстанға шақырамыз. Батылдылыққа, нақтылыққа және жауапкершілікке негізделген неміс бизнесінің тәсілін бағалаймыз. Бұл қасиеттер бизнестегі табыс үшін өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

 

 

Мемлекет басшысы бүгін Штайнмайер мырзамен кездесу барысында табиғи ресурстарды бірлесіп барлау және игеру ісіндегі ынтымақтастығымызды нығайтуға уағдаласқанын айтып, бұл шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімге тың серпін беретініне сенім білдірді.

 

 

 

 

Сонымен қатар Президент көлік және логистика салаларында өзара тиімді ынтымақтастық үшін мүмкіндік мол екеніне назар аударды.

 

 

 

 

– Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан. Мұның стратегиялық мәні зор. Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы біздің еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазіргі жаңа геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты. 2022 жылдан бастап Каспий дәлізі арқылы Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын жүк көлемі екі есе артты. Шығыс пен Батыс арасындағы ұлғайып келе жатқан сауда көлеміне қолдау көрсету үшін біз инфрақұрылымды жаңарту және кедергілерді жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз қазақстандық порттардың өткізу мүмкіндігін 30 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

 

 

Сонымен қатар Президент жаңартылатын энергия көздерін ынтымақтастығымыз үшін келешегі мол сектордың бірі ретінде атады.

 

 

 

 

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан жасыл сутегін өндіретін әлемдегі жетекші ел атануы үшін алғышарттардың бәрі бар. Бұл ретте Президент SVEVIND Group компаниясымен құны 50 миллиард доллар болатын жасыл сутегін өндіру туралы келісімге қол қойылғанын атап өтіп, жасыл сутегі өндірісі экологиялық таза болат, алюминий және басқа да металдар өндірісіне жол ашатынына назар аударды.

 

 

 

 

 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстаның Германиямен инновация және цифрландыру, адами капиталды дамыту салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласындағы Каспий мемлекеттік университеті жанынан Қазақ-неміс инжиниринг институтын, сондай-ақ Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанынан Қазақ-неміс ғылым және технологиялар институтын ашу еліміздегі адами капитал мен бәсекеге қабілеттілікті одан әрі жетілдіруге ықпал ететініне сенім білдірді.

 

 

 

 

 

Жиында сондай-ақ Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Германияның Федералдық экономика және климатты қорғау министрі Удо Филипп сөз сөйледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:http://aqorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-kazakstan-germaniya-biznes-forumyna-katysty-2052425

Başa dön tuşu