Қазақстан Президентінің атына Республика күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр

 

 

Жаңалықтар

Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президентінің атына Республика күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр

2022 жылғы 26 қазан
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр.

Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, Орталық Азияның бейбітшілікке, тұрақтылыққа және өркендеуге бағытталған жолындағы еліміздің отыз жылдық көшбасшылығын ерекше атап өтті.

«Біздің қауіпсіздік, энергетика және экономика мәселелері жөніндегі екіжақты ауқымды ынтымақтастығымыз, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды табанды түрде қолдайтынымыз қарым-қатынастарымыздың болашағына инвестиция салуға деген өзара ұмтылысты және оның ортақ мақсаттарға жетудегі әлеуетін көрсетеді. Бұл ұстаным біздің кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізге толық сай келеді», – деп жазылған Джо Байденнің құттықтауында.

Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель 1990 жылдың қазан айында қабылданған Егемендік туралы декларацияда мемлекеттілікке, аумақтық тұтастыққа, бөлінбеушілікке және шекараның мызғымастығына қатысты негізгі қағидаттар бекітілгенін айтты.

«Декларация 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауға жол ашты. Бұл декларация бүгінде барлық бейбітсүйгіш ел қорғайтын халықаралық тәртіптің іргелі құндылықтары мен қағидаттарының ережелеріне негізделген», – делінген Шарль Мишельдің жеделхатында.

Сонымен қатар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына құттықтауын жолдап, еліміздің тұрақты дамуына бағытталған жүйелі және ауқымды реформалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті.

«Біздің тату көршіміз Қазақстан барлық салада биік шыңдарды бағындырып келеді. Сіздің аймақтық және жаһандық маңызы бар бастамаларыңыздың халықаралық аренада белсенді түрде қолдау табуы – еліңіздің әлемдік қауымдастықта лайықты беделге ие екенінің айқын дәлелі. Бірлескен күш-жігер мен жоғары деңгейдегі тұрақты диалогтың арқасында елдеріміз арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастардың стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынас деңгейіне көтерілгеніне өте қуаныштымыз», – деп жазды Өзбекстан Президенті.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз құттықтауында Республика күні мерекесін қайта жаңғырту бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған институционалдық реформалар үдерісіндегі маңызды қадам деп бағалайды.

«Сіздің дана әрі прогресшіл басшылығыңызбен бұл реформалар қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуға түрткі болып, достас Қазақстанды өркендетуге бағытталған биік мақсаттарға жетуге қызмет ететініне кәміл сенемін», – деп жазған Садыр Жапаров.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құттықтауында Әзербайжан Қазақстанның қарқынды дамуына, бауырлас елдің жетістіктері мен табыстарына тілектес екенін атап өтті.

«Әзербайжан-қазақ қарым-қатынасының бүгінгі жоғары деңгейі ортақ тарихымен, моральді және мәдени құндылықтарымен өзара тығыз байланысты бауырлас халықтарымыздың ерік-жігерін айқын көрсетеді. Қазіргі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікке негізделген жан-жақты қарым-қатынастарды нығайту жолында бірлескен күш-жігерді жалғастыра беретінімізге сенімдімін, – делінген құттықтау хатта.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко Егемендік туралы декларацияны Қазақстан үшін маңызды оқиға әрі тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы қадам деп атады.

«Қазіргі таңда Сіздің еліңіз бейбіт сыртқы саясат қағидатын ұстанады, өзара түсіністік пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға жан-жақты атсалысады. Астананың мазмұнды бастамалары халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, адамзат баласына ортақ жаһандық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады», – деп жазған Александр Лукашенко.

Сонымен қатар құттықтау жеделхаттарын Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазаде жолдады.

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kazakstan-prezidentinin-atyna-respublika-kunine-oray-kuttyktau-zhedelhattary-kelip-zhatyr-2692946

 

 

Başa dön tuşu